Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылордада бұралқы иттер көбейді деген шағымға ветеринария басқармасы жауап берді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласының орталық көшелерінде қаңғыбас иттер көбейіп кеткені туралы әлеуметтік желілерде шағымдар жарияланды.

Қызылордада бұралқы иттер көбейді деген шағымға ветеринария басқармасы жауап берді
Фото: instagram.com/kritikakyzylorda_

Соның бірі Instagram әлеуметтік желісіндегі Критика Қызылорда парақшасында жарияланған көрінеді.

— Универсам аймағында бұралқы иттер көбейіп кетті. Абай көшесіндегі 41-үйдің, гүлдер дүкенінің алдында күнде топ болып жүреді. Өтіп бара жатқан адамдарға қорқынышты, әсіресе, балаларға қауіпті. Мәселеге жауапты мекемелер назар аударса екен, — делінген жазбада.

Осы мазмұндағы арыз-шағымға Қызылорда облыстық ветеринария басқармасы жауап берді. Басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаевтың айтуынша, көшеде иттердің көп жүруі көбіне олардың ұйығу кезеңімен байланысты.

ит
Фото: instagram.com/kritikakyzylorda_

— Мұндай жағдайға тап болсаңыз, 109 нөміріне немесе қалалық ветеринария станциясына хабарласуға болады. Дегенмен, «Қызылорда қаласында ит қаптап кетті» деген пікірмен келіспеймін. Иттер ұйығу кезеңінде, яғни көктем мен күз айларында көшеде көбірек жүреді. Бірақ олардың барлығының иесі бар. Жаңа заң бойынша жануарларды ұстау талаптары күшейтілді. Егер ит қорада ұсталмаса немесе басқа адамдарға қауіп төндірсе, оның иесіне айыппұл салынады, — деді Шахмардан Қойшыбаев.

Оның айтуынша, қазір жергілікті әкімдіктерге ит аулау ұйымын құру тапсырылған. Бұл жұмысты жеке ұйымдарға беру немесе арнайы мекеме құру мәселесі әзірге қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда иесіз жануарлар мәселесі соңғы жылдары қоғамды алаңдатқан өзекті тақырыптың біріне айналды.