Қызылордада экстрокорпоралды ұрықтандыру квотасы 8 есе өсті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында биыл Қызылорда облысына 310 экстрокорпоралды ұрықтандыру квотасы бөлінді.
Бүгінге дейін 285 әйел процедурадан өтуге жолданды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.
2015 жылдан бастап берілген квота саны 8 есе өскен. Мысалы, осыдан он жыл бұрын облысқа небәрі 34 квота бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 270-ке жетті.
— 270 квота жыл соңына дейін толықтай игерілді. Оның 65,9%-ы жүктілікпен, 38,2%-ы түсікпен аяқталған. Өкінішке қарай, квота берілген 85 әйелде немесе жалпы әйелдердің 31,5%-нан нәтиже шықпаған. Былтыр экстрокорпоралды ұрықтандыру арқылы 92 бала дүниеге келді. 3 отбасының егіз сәбилері бар. Ал 51 әйел қазіргі кезде жүкті, — деді басқарма басшысының орынбасары Мая Мырзанова.
Бүгінде өңірде ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны 175 мыңға жуықтайды. 6300-ден астам отбасы бедеулік проблемасымен бетпе-бет келіп отыр. Соның ішінде әйелдер үлесі басым — 60,4%. Осы күні бала сүю бақытын сезінгісі келетін 455 отбасы квота кезегінде тұр.
— Барлығының өтініші өңірлік комиссияда қаралып, қолданыстағы бұйрықтарға сәйкес жолданады. Арнайы бағдарлама шеңберінде ЭКҰ циклдеріне мониторинг жүргізу, пациенттердің құжаттарын қабылдау және құрылған комиссияға ұсыну жұмыстары басқарма тарапынан жүргізіледі. Пациенттерді емдеу үшін квота бөлуді талдау және ұрықтандыруға жолдама беруді арнайы комиссия шешеді, — деді Мая Мырзанова.
Ал жуырда Астанада «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. ҚРТ: бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы Қазақстанның репродуктивтік медицина қауымдастығының XVII Халықаралық конгресі өтті.