Қызылордада есептегіштерді тексеру саласындағы монополиялық әрекет тоқтатылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы тауар нарығына кірудегі кедергілерді анықтау және жою жөніндегі кеңес 2020 жылы құрылған.
Содан бері облыстық кеңес бизнеске тән 62 проблеманы қарады. Оның 12-сі, өткен жылдың, 6-ы биылғы алғашқы жарты жылдың еншісінде.
— Біз санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, сараптамалық ұйымдардың қызметі, өлшеу құралдарын тексеру, сұйытылған мұнай газын тарату және мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелерді талқыладық. Соның нәтижесінде агенттікке ұсыныстар жіберілді. Кейбір мәселелер әлі де тиісті мемлекеттік органдардың талқылауында. Республикалық картаға сәйкес қазіргі уақытта ел бойынша әртүрлі нарықта 35 кедергі бар. Қызылорда облыстық кеңесі ұсынған және қолдаған екі мәселе ұлттық деңгейде қарастырылып, оларды жою бағытында жұмыс атқарылып жатыр, — деді кеңес төрағасы Ерік Теңізбаев.
Жергілікті кәсіпкер кеңеске Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының Қызылорда филиалына қатысты шағыммен жүгінді.
— Филиал метрологиялық құралдарды тексеру қызметі бойынша нарық қатысушысымен ынтымақтастық туралы келісім жасаудан бас тартқан. Департамент өтінішті қарап шыққаннан кейін филиалға монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері туралы хабарлама жіберді. Талап белгіленген мерзімде орындалды. Осылайша есептегіштерді тексеру нарығындағы бәсекелестердің қызметін шектеуге жол берілмеді, — деді кеңес төрағасы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта бәсекелестікті қорғау саласында заңнама талаптарының бұзылғаны белгілі болды.