Қызылордада канал бөгетін жырып, құбыр орнатқандарға айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының өкілдері Қызылорда облысында су шаруашылығы құрылысын бүлдіру дерегі бойынша 4 тұлғаға әкімшілік іс қозғады.

Қызылордада канал бөгетін жырып, құбыр орнатқандарға айыппұл салынды
Фото: Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы

Оған Арал аудандық прокуратурасы мен «Арна» КММ-нің заңбұзушылық туралы жолдаған материалы түрткі болған. Әкімшілік іс нәтижесінде заң бұзғандарға 786,5 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. 

— «Арна» кәсіпорнының мәліметінше, меншік иесінің келісімінсіз «Басықара» каналынан басталатын «Меңдібай» каналының бөгетін жырып, диаметрі 200 мм болатын құбыр орнатылған. Су шаруашылығы, гидротехника құрылысжайларын, құрылғыларын, алынған және ағып кеткен су көлемін өлшеу құралдарын, сумен жабдықтаудың өртке қарсы жүйелерін бүлдіру әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Жаңа Су кодексіне сәйкес бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болды.  Сонымен қатар Әкімшілік кодексте су заңнамасын бұзғандарды жазалау шарасы күшейді, айыппұл көлемі өсті, — делінген инспекция хабарламасында. 

Бұған дейін біз Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» мекемесі 29 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізіп, 42 нысан бойынша қауіпсіздік декларацияларын әзірлеп жатқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар