Қызылордада каналдан қыз баланың мәйіті табылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық полиция департаменті Шиелі ауданында қыз баланың кісі қолынан қаза табу күдігі бойынша іске байланысты түсінік берді.
Полицияға 3 маусым күні кешкі уақытта Шиелі ауданының ауыл тұрғыны каналдағы шлюз суынан қыз баланың мәйіті табылғанын хабарлаған.
— Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу барды. Қыз баланың жеке басы анықталды. Аталған дерек бойынша адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала анықталғандай, туыстарының айтуынша, қызы 2 маусым күні кешке үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
Қазіргі уақытта қылмысты ашу және күдіктіні ұстау мақсатында тәжірибелі қызметкерлерден жедел тергеу тобы құрылды. Оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Тергеу мүддесіне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеді. Тәртіп сақшылары мессенджер арқылы жаппай тараған кісі өлтіру жөніндегі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
— Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратпауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Аталған қылмыстық істі тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында, — делінген ресми хабарламада.
Ал бұған дейін әлеуметтік желіде Қызылорда қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаларды бар күшімен жұлқылап, олармен дөрекі қарым-қатынас жасағаны айқын көрінетін бейнежазба тарады.