Қызылордада қаржы пирамидаларынан келген залал 59 млн теңгеден асты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидаларын анықтап, олардың заңсыз қызметін тоқтату, ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында атқарылған жұмысы туралы мәлімдеді.
Қаржы пирамидалары – азаматтардың сеніміне кіріп, оларды жоғары табысқа кенелтетініне сендіріп, ақшасын заңсыз иемденуге бағытталған қылмыстық схема. Мұндай ұйымдардың нақты экономикалық қызметі болмайды. Салымшыларға төленетін қаражат жаңа қатысушылардың есебінен қалыптасады. Соның салдарынан белгілі бір кезеңнен кейін мұндай жүйе күйреп, мыңдаған адам қаражатынан айырылып жатады.
- Жыл басынан бері 5 қаржылық пирамиданың жолы кесіліп, тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге келтірілген залал сомасы 59 млн теңгеден асты. Соттың заңды күшіне енген үкімдері негізінде мемлекет кірісіне құны 5 млн 600 мың теңгеден астам автокөлік, 3 млн-ға жуық USDT криптоактивтер тәркіленді, - деді департамент басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев.
Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес қаржылық немесе инвестициялық пирамида құрып, оған басшылық еткен кінәлілерге 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Департамент өкілі ел заңнамасында қаржы пирамидаларын жарнамалағандарға қатысты да қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті. Сондықтан блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларына, жарнама агенттіктеріне қандай да бір жобаны жарнамаламай тұрып оның заңдылығын мұқият тексеруге кеңес берді.
- Әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстардағы қаржы пирамидаларын насихаттайтын заңсыз контентті анықтау бағытында мониторинг жүргізіліп тұрады. Осы күнге дейін қаржы пирамидасының белгісі бар 3500-ден астам сайт бұғатталды, - деді Руслан Сатыбалдиев.
Жуырда Қызылорда облысында «Fari Invest» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.