Қызылордада қаржыны жоспарсыз жұмсаған спорт мекемесінің басшыларына қатаң сөгіс берілді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың төрағалығымен спорт мекемелерінің басшылары қатысқан жиын өтті. Онда 2025 жылдың алғашқы жартыжылдық қорытындысы талқыланды. 

Қызылордада қаржыны жоспарсыз жұмсаған спорт мекемесінің басшыларына қатаң сөгіс берілді
Фото: Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, тексеру барысында 10-нан астам мекеменің бір жылға бөлінген қаржының 75%-дан көбін жоспарсыз жұмсағаны анықталды.

Мемлекет қаржысын тиімді игере алмаған мектеп директорларына басқарма басшысы қатаң сөгіс беріп, осы уақытқа дейін бюджет қаражатын игеруде осалдық танытқандардың жұмысы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Тексеру барысында мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатсыз пайдаланғаны дәлелденсе, мекеме басшысына, бас есепшісіне және сол спорт түрі бойынша бапкерге шешім қабылданатынын жеткізді.

— Барлық мекеме басшыларына бюджет қаражатын орнымен, тиімді игеруді тапсырамын. Бұл кезге дейінде сіздерге қаржының 70%-ын олимпиадалық, 30%-ын ұлттық спортқа және олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағыттауды тапсырған болатынмын. Қаржыны спорт түрлеріне бағыттау кезінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беруді міндеттеймін. Сіздердің нәтижелеріңіз осы олимпиадалық спорт түрлерінен көрсеткен көрсеткіштеріңізге байланысты есептеледі, — деді Бақтияр Артаев.

Сондай-ақ басқарма басшысы ғимараттарға жөндеу жұмысын мерзімінде жүргізбеген директорларды сынға алып, оларға да қатаң сөгіс берді. Екі апта көлемінде демеушілер есебінен жұмыс қарқынын арттырып, ғимараттарды жаңа оқу жылына дайындауды тапсырды.

— Барлық мекеме басшылары өздеріне қарасты спорт нысандарының сыртқы-ішкі келбетін ұдайы күтіп ұстауды, бүлінген аумақты дер кезінде реттеуді, спорт нысандарының сыртқы аумағын назарда ұстауды қаперден шығармауы керек, — деді ол.

Бұған дейін біз Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мектептің бас есепшісі болған Абзал Сейдековтің қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік мекеме қаржысын қалтаға басқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар