Қызылордада кен орнына қатысты шағымнан кейін жер қойнауын пайдаланушыға айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Кристалл Менеджмент» акционерлік қоғамын жоспардан тыс тексерді.

газ құбыры
Фото: zhigergas.kz

Тексеруге Ақшабұлақ кен орнындағы газ шығынын есепке алу жүйесіндегі ықтимал бұзушылықтар туралы арыз түрткі болды.

– Тексеру барысында компания пайдаланатын газ шығынын өлшеу жүйесі, яғни есепке алу торабының міндетті метрологиялық аттестаттаудан өтпегені және өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесінің мемлекеттік тізіміне енгізілмегені анықталды. Заңнамаға сәйкес мұндай жүйелер міндетті түрде тексерілуі және тіркелуі керек. Оларды тиісті рәсімдерсіз пайдалану тауарлық газдың көлемін өлшеу дәлдігіне күмән туғызуы және бақыланбайтын шығынға әкелуі мүмкін, – делінген департамент хабарламасында.

Тексеру қорытындысында «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заң талабының бұзылғаны анықталды. Компанияға әкімшілік жауапкершілік ретінде 670 мың теңгеден астам айыппұл салынды және анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда бұрғылау жұмыстары кезінде экологиялық заң бұзу анықталды.