Қызылордада бала денсаулығына қауіпті ойыншықтар анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдерге мониторинг жүргізілді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті биыл жарты жылда 38 сынама сатып алып, олардың қауіпсіздік көрсеткішін Ұлттық сараптама орталығы филиалының зертханасында тексерді.
- Бақылау мақсатында алынған тауардың барлығы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және басқа да шет мемлекеттерде өндірілген. Сараптама нәтижесінде 1 сынаманың таңбалануы қолданыстағы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Өнімнің таңбалануы – тұтынушы үшін маңызды ақпарат көзі. Онда тауардың атауы, өндіруші, құрамы, пайдалану және жас ерекшелігі туралы, басқа да қажет ақпарат көрсетілуі керек. Сондықтан таңбалауға қойылатын талаптың сақталуы өнім қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі болып саналады, - деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.
Балалар жиі тұтынатын ойыншықтың қауіпсіздігі жіті назарда. Өйткені ойын кезінде бала оны қолымен ұстап қана қоймай, аузына салуы мүмкін. Осы орайда физикалық және басқа да қауіпсіздік көрсеткішінің талаптары қатаң сақталуы қажет.
- Тексеру барысында жекелеген ойыншықтардың беткі қабатының тегіс емес, кедір-бұдыр, үшкір екені анықталды. Мұндай кемшіліктер баланың терісін жарақаттауы немесе денсаулығына басқа да қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен тұтынушылар ойыншық сатып аларда оның сыртқы түріне ғана емес, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне де назар аударуы қажет, - деді Гүлмира Сыздықова.
Департамент басшысы ата-аналарға өнімнің таңбалануын мұқият тексеруге, өнімнің сыртқы пішініне назар аударуға, баланың жасына сәйкес келмейтін ойыншықтарға жоламауға, өнімді заң талаптарына сәйкес жұмыс істейтін сауда орындарынан сатып алуға кеңес берді.
Еске салайық, бұдан бұрын Еуропалық Одақ қытайлық маркетплейс Temu-ға цифрлық сауда ережелерін бұзғаны және ЕО аумағында қауіпті тауарлар таратқаны үшін 200 млн еуро айыппұл салды.