Қызылордада қылмыстық қудалау органдарының 404 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық прокурорлар өткен жылы қылмыстық қудалау органдарының 152 шешімін бекітуден және онымен келісуден бас тартты. Бұған шешімдердің азаматтардың конституциялық құқығына тікелей әсер етуі түрткі болған. 

Қызылордада қылмыстық қудалау органдарының 404 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Қадағалау органы мәлімдегендей, уақытша ұстау абақтысына қамалған 55 адам прокурор қаулысымен босатылды. 

— Қылмыстық қудалау органдарына тергеу әрекеттерінің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында 1524 нұсқау, 110 ұсыныс берілді. 404 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал 91 адамның іс-әрекетін саралау туралы қаулылармен келіспедік. 36 қылмыстық іс ақтау негізінде тоқтады, — деді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының тиімді қорғалуын қамтамасыз ету бағытында кезекші прокурордың сенім телефоны жұмыс істеп тұр. Ол арқылы тәулік бойы қоңырау қабылданады.

Айта кетейік, облыстық полиция бұған дейін Қызылорда облысында кешенді профилактикалық іс- шаралардың күшейгеніне қарамастан өткен жылы жол-көлік оқиғаларының саны 47,9% (978-ден 1446-ға) өскенін хабарлады

Соңғы жаңалықтар