Қызылордада көбейтілген әлеуметтік төлемді қанша адам алады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Үкімет қаулысы негізінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен бірге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ұзақ мерзімді төлемдері де жыл сайын көбейеді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалатын әлеуметтік төлемдер 10%-ға артады.
Қордың Қызылорда облысы бойынша филиалы ұсынған мәліметке қарағанда өңірде еңбекке қабілеттілігінен айырылған 3293 адам, асыраушысынан айырылған 2 833 отбасы бар. Олар енді көбейген көлемде төлем алады.
– Жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайын әлеуметтік көмек беріледі. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап осы төлем 5 806 алушы үшін арттырылады. Әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу үшін қосымша құжаттар жинаудың қажеті жоқ, ол автоматтандырылған режимде жүргізілді, - деді қор филиалының директоры Гүлсім Денеева.
Жыл басынан бері міндетті әлеуметтік сақтандырумен 223 мың тұрғын қамтылған. Олар үшін қорға 22 млрд теңге төленген. 62,6 мың адам 34,9 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алған.
Еске салсақ, Қызылорда облысында жыл басынан бері мемлекет көмегін негізсіз алғандар саны 33,1%-ға төмендеді.