Қызылордада коммуналдық мәселелерге қатысты ай сайын 15 мыңнан астам өтініш түседі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында 2020 жылдан бері коммуналдық мәселелер бойынша халықтың талап-тілегін қабылдайтын 109 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр.
Байланыс орталығының 30-ға тарта қызметкері демалыссыз күні-түні жұмыс істейді.
- Өткен жылы тұрғындардан 182 941 хабарлама түсті. Оның 182 579-ы немесі 99,8%-ы орындалды. Қалғаны бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өтініштердің түгелге жуығы немесе 99,2%-ы телефон арқылы түскен болса, 0,8%-ы ғана әлеуметтік желілерде көрініс тапқан, - деді облыс әкімі аппараты «Жедел әрекет ету орталығы» КММ директоры Бағлан Терлікбаев.
Өтініш иелерінің дені, 110 мыңға жуық адам қандай да бір ақпараттың анық-қанығын сұраса, өтініштердің ендігі басым бөлігі оқыс оқиғаны хабарлау, кеңес беру сипатында.
Статистика жедел әрекет ету орталығы айына орта есеппен 15 мыңнан астам өтінішті қабылдап, тіркегенін көрсетті.
- Қызметіміздің тағы бір бағыты - 112 нөмірлі бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет. Онда Қызылорда қаласы бойынша шұғыл қызметтерге келіп түсетін қоңыраулар қабылданады, тіркеліп, жауапты қызметтерге жолданады. Өткен жылы 112 нөміріне 210 462 хабарлам түсті. Оның 1235-і өрт сөндіру, 1287-сі төтенше жағдайлар, 2330-ы жедел жәрдем қызметтерін қамтыды. 78148-і құқық қорғау сипатында, басқа да хабарламалар саны 127,5 мыңға жуық. Тәулігіне қабылданатын, тіркелетін өтініштер саны — орташа есеппен 576, олардың орындалу көрсеткіші— 100%, - деді орталық басшысы.
Бұған дейін Қазақстанда коммуналдық секторға қатысты жаңа платформа іске қосылды.