Қызылордада Конго-Қырым қанды безгегін жұқтыруы мүмкін 22 жағдай тіркелді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында кенеге қарсы залалсыздандырудың күзгі маусымы аяқталды.

Қызылордада Конго-Қырым қанды безгегін жұқтыруы мүмкін 22 жағдай тіркелді
Фото: Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ошағы болуы мүмкін 111 елді мекен бар. 

- Ондағы мал қоралары, буферлік зоналар мен санитариялық-қорғаныс аймақтары дәріленіп, тиімділік көрсеткіші 100% болды. Ал 90%-дан төмен деңгей көрсеткен елді мекендерге қайтадан нүктелік өңдеу жасалып, талапқа сәйкестендірілді, - деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова. 

Жыл басынан бері облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыруы мүмкін 22 жағдай тіркелді. Оның 12-сі клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. 

- Атап айтқанда, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында 1, Шиеліде 5, Жалағаш ауданында 2 жағдай анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы 14 күн бойы медициналық бақылауда болды. Олардан ешқандай шағым түскен жоқ. Ауру ошақтары эпидемиологиялық-энтомологиялық зерттеуден өткізіліп, залалсыздандырылды, - деді департамент басшысы.

Жыл басынан бері кене шаққан 1268 адам медициналық көмекке жүгінген. Олар да екі апта ем қабылдады. 

Айта кетейік, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы — өте қауіпті жұқпалы ауру. Ол көбінесе кенелер арқылы тарайды.

Соңғы жаңалықтар