Қызылордада күннің ысуына байланысты электр энергиясын тұтыну көлемі күрт өсті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласының тұрғындары тарапынан жарықтың жиі өшуіне байланысты арыз-шағым көбейді. Осыған орай қала әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, ауа температурасының тым жоғары болуы жағдайды күрделендіріп жіберген.
- Қызылорда қаласы осыған дейін 78-80 мВт электр энергиясын тұтынып келсе, қазіргі күні бұл көрсеткіш 120 мВт-қа дейін артты. Соңғы күндері күннің күрт ысуына байланысты кейбір электр желілері мен қондырғылары қызып кетіп, ақау туындады. Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының жұмысшылары ақауды қалпына келтіру үстінде. Сонымен қатар алдағы жылу беру маусымына дайындық ретінде 100 шақырым электр желілері мен 30-ға жуық қосалқы станция қайтадан жаңғыртылады. Кестеге сәйкес бұл жұмысты түнгі уақытта атқарып жатырмыз, - деді ол.
Бұған дейін біз электр энергиясының жиі сөнуі онсыз да үй-жайларда салқындатқыштың көмегімен ғана амалдап отырған халықтың ашуына тие бастағанын жазған едік.