Қызылордада күріш уақытынан кеш пісіп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл Қызылорда облысында вегетациялық кезең күрделі жағдайда өтіп жатыр. Егінге қажетті су көлеміне сұраныс шегіне жетті. 

Қызылордада күріш уақытынан кеш пісіп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, осы жылы өңірде 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылы егілді. Оның 80,9 мың гектары — күріш.

— Егінді тұрақты суару үшін белгіленген су лимиті — 3,9 млрд текше метр. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында 2025 жылдың вегетациялық кезеңінде Шардара су қоймасына 3,7 млрд текше метр, оның ішінде 1 сәуір-10 тамыз аралығында 3 млрд текше метр су түседі деп болжанған. Бірақ жоспардан 1 млрд текше метр кем су түсті, — делінген хабарламада.

3,3 млрд текше метр су облысқа каналдар арқылы алынды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық ауданда құрылған жұмысшы топтар жағдайды бақылауға алып, кеңінен түсіндірме жұмысын жүргізіп келеді.

— Жоспарланған су күрішке уақытылы берілмеді. Соған байланысты күріштің пісу уақыты кешеуілдеп жатыр. Бүгінгі күні басты дақылдың 20%-ның ғана суы байланды. Диқандар одан басқа ерте егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауға кірісті, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,7 мың гектарға қысқарды.

Соңғы жаңалықтар