Қызылордада мемлекеттік қызметке үміткерлердің 68% меритократия қағидатымен жоғары лауазымға тағайындалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, Қызылорда облысындағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны — 3332. Соның 3245-і жұмыс істеп жүр.

мемқызметші
Фото: freepik.com

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті мәлімдегендей, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда 615 бос лауазымға орналасу үшін конкурс өткізілді. Нәтижесінде 423 үміткер қызметке қабылданды. Меритократия қағидатына сәйкес мансаптық өсу жолымен ішкі конкурстар арқылы 68%-ы жоғары лауазымға тағайындалды.

— Елімізде мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету мақсатында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурстық іріктеусіз тағайындалу бойынша белгілі нормалар қабылданғаны белгілі. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен үздік аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімшілік лауазымға заңнамалардан ешқандай тест тапсырмастан конкурстан тыс тағайындала алады. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының үздік түлектері үшін оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде еліміздің барлық өңіріндегі (Астана қаласын қоспағанда) мемлекеттік органдардағы жекелеген лауазымға конкурстық іріктеусіз тағайындау мүмкіндіктері қарастырылған. Осы жаңашылдық аясында 2025 жылы 2 түлек конкурстық іріктеусіз бос басшылық лауазымға тағайындалды. Сонымен бірге бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында агенттіктің келісімімен конкурстық іріктеусіз «Б» корпусының жоғары лауазымына тікелей тағайындау мүмкіндігі берілді. Бұл бағытта 9 мемлекеттік әкімшілік қызметші конкурс өткізілместен бос басшылық лауазымға тағайындалды, — делінген хабарламада.

Жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында өңірлік кадр резервіне алынған 25 кандидаттың 11-і конкурстық іріктеусіз бос лауазымға тағайындалды. Тағы бір резервші Президент әкімшілігінің шақыруымен жаңа лауазымға орналасты.

Еске салайық, елімізде 50 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жасанды интеллект элементтерін өз жұмысында қолдануды үйренді. 

Соңғы жаңалықтар