Қызылордада монополист компанияға 61,3 млн теңге айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Тұтынушылардың өтініші негізінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда филиалының реттелетін қызмет түрлеріне жатпайтын талапты заңсыз қойғаны анықталды. Бұл туралы ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мәлімдеді.

айыппұл
Фото: freepik.com

Департамент өкілдері 2022-2023 жылдар бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысына қарасақ, «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Қызылорда филиалы тұтынушыларды қосуға техникалық шарттар беру кезінде табиғи монополиялар туралы заңнамада көзделмеген қосымша құжаттар ұсынуды талап еткен. Осылайша қолданыстағы заңнаманы тікелей бұзған. 

- Комитеттің Қызылорда облысы бойынша департаментінің іс-әрекетін, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларын Жоғарғы сотты қоса алғанда барлық сатыдағы соттар растады.

Мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен филиал табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Филиалға 61,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, - делінген ведомство хабарламасында. 

Монополист компания айыппұлды толық көлемде мемлекеттік бюджетке аударды.

Бұған дейін біз QazaqGaz ұлттық компаниясы 535,5 млрд текше метр газ қоры бар 15 учаскені барлап жатқаны туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар