Қызылордада психикалық ауытқуы бар адамдар саны артты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 3 айда Қызылорда облысында ақыл-есінде ауытқуы бар адамдар саны өткен жылғыдан 7,8%-ға көбейген.

аурухана
Фото: Freepik

Облыстық психикалық денсаулық орталығының мәліметіне сүйенсек, диспансерлік есепте тұрғандардың 56,9% – ер адамдар, 43,1% – әйел адамдар, 13,8% – балалар.

Диагнозы бойынша жіктесек, органикалық психикалық ақаулар, ақыл-естің кемістігі мен психологиялық дамудың тежелуі жиі кездеседі.

Мамандар психиканың бұзылуына негізінен депрессия, мазасыздық, биополярлық бұзылыс және есірткі тұтыну сияқты жағдайлар әкеп соғатынын айтып отыр. 

– Бұдан адамда өз-өзіне қол жұмсау туралы ой пайда болуы мүмкін. Біз балалар мен жасөспірімдерді суицидке итермелейтін себептерді анықтап көрдік. Талдау нәтижесінде оның 30%-ы физикалық және психикалық зорлық-зомбылық кесірінен, 29,2%-ы ата-анасы түсіністік танытпағаннан және қолдау көрсетпегеннен, 28,3%-ы достарының немқұрайлы қарым-қатынасынан болатынына көз жеткіздік. Сауалнамаға қатысушылардың төрттен бірінен астамы, яғни 27,3%-ы компьютер мен интернетке тәуелділікті басты мәселе ретінде көреді, – деді орталық директоры Кенжеалы Тілеулиев. 

Ақыл-есі бұзылған адамдардың ішінде ауруынан айығуына байланысты диспансерлік бақылаудан шығарылғаны – 2,6%. 

Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 12 ақпандағы есебінше, елімізде динамикалық бақылауда тұрған психоактивті заттарды қолданбайтын мінез–құлқы психикалық бұзылған (ауытқуы бар) 204 408 адам бар. 

Соңғы жаңалықтар