Қызылордада рақымшылыққа іліккен жазасын өтеушілердің алды бостандыққа шықты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласының пробация қызметінде жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес жұмыс атқарылып жатыр.
Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, пробация есебіндегі 150-ден астам адамға рақымшылық қолдану жөніндегі іс құжаттары сотқа жолданды.
Бүгінге дейін 3 адамға қатысты сот отырысы өтіп, сот қаулысымен олар жазадан босатылды. Азаматтар сот залынан босап шығып, олардың құқығын, алдағы уақытта заң талаптарын сақтау, қоғамға бейімделуіне қатысты түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Бостандыққа шыққандардың бірі рақымшылықтың өміріне жаңа мүмкіндік сыйлағанын айтты.
– Жасаған ісіме өкінемін. Ендігі мақсатым – адал еңбек етіп, отбасымның жанында болып, балаларымның тәрбиесіне көңіл бөлу. Алдағы өмірімде заң талаптарын қатаң сақтап, қоғамның толыққанды мүшесі болуға бар күшімді саламын, – деді ол.
Ал Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына 167 материал жолданған.