Қызылордада республикалық және жергілікті жолдардың сапасынан кемшіліктер шықты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары биыл 11 айда 935 рет жолға шығып, жұмыс пен материалдардың сапасын тексерді.

жол сапасы
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы

Жолдан алынған 3141 сынаманың 966-сы нормативке сәйкес болмай шықты. Бүгінгі күні оның 358-і қайта қалпына келтірілді.

— Қызметкерлер республикалық маңыздағы жолдарға 266 рет шығып, 1049 сынама алды. Нормативке сәйкес келмеген 345 сынаманың 241-і қайта қалпына келтірілген. Жергілікті жолдар бойынша 2092 сынаманың 621-і талапқа жауап берген жоқ. 11 кемшілік түзелді, — делінген филиал хабарламасында.

Биыл Қызылорда-Пвлодар-Успенка-Ресей шекарасы, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі қорғаныш бөгеті бекітілді. Тәуелсіздікке 25 жыл көшесі пайдалануға берілді. Дегенмен бұлардан да кемшіліктер анықталған.

— Қызылорда-Пвлодар-Успенка-Ресей шекарасы автомобиль жолының құрылысы бойынша 88 рет тексеру жүргізілді. 611 сынаманың 9-ы нормативке сәйкес келмеген. 55 сынама қайта қалпына келтірілген. 8 ақау тіркеліп, оның алтауы қалпына келтірілген, — делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, алдағы уақытта Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жол 1-ші санатқа ауыстырылады.

Соңғы жаңалықтар