Қызылордада санитариялық талапқа сай келмейтін өнімдер саудадан алынатын болды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 6 айда Қызылорда облысында өнім қауіпсіздігін бақылау мақсатында сауда орындарынан 1022 сынама алынды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, оның басым бөлігі, яғни 75,2%-ы – тағам өнімдері.
- Сараптама нәтижесінде 146 үлгі техникалық регламент талабына сай болмай шықты. Оның басым көпшілігінен, яғни 140 сынамадан таңбалануы бойынша сәйкессіздік анықталды. 36 сауда объектісіне талапқа сәйкес келмейтін өнімді айналымнан алу және өткізуден кері қайтарып алу туралы жедел ден қою шараларын қолдану жөнінде қаулы жолданды. Тауарынан сәйкессіздік анықталған отандық өндірушілерге тиісті шара қабылдау қажеттігі ескертіліп, хабарлама жіберілді, - деді департамент басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев.
Ілеспе құжатсыз сауда жасаған 6 кәсіпкерлік субъектісінен әкімшілік айыппұл өндірілді.
Бұған дейін Астанада фитосанитариялық талаптарды бұза отырып әкелінген сәндік өсімдіктер жойылды.