Қызылордада сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзғандарға 127 млн теңге айыппұл салынды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 11 айда Қызылорда облысының орталығы мен аудан аумақтарында 555 нысанға мониторинг жүргізілді.
Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мониторинг қорытындысын жариялады.

— Сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзғандарға қатысты 525 әкімшілік іс қозғалып, оларға 127 млн теңге айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда 3 есе көп, — деді басқарма басшысының орынбасары Мәди Әліп.
Осы уақыт ішінде аталған ведомствоға жеке және заңды тұлғалардан 893 өтініш түскен. Соның 798-і бойынша заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып, жауап берілді. 92 өтініш қаралу реттілігімен тиісті органдарға жолданса, 3 өтініш қаралып жатыр. Өтініштерді қарау тәртібі мен мерзімдерін бұзу деректері тіркелмеді.
Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталып, бірқатар заңсыз құрылыс нысанының иелеріне айыппұл салынды.
— Облыс орталығындағы «Арнау Палас» мейрамханасының құрылысын тоқтатып, бұрынғы қалпына келтіру немесе нысанды заңдастыру туралы нұсқама берілді. «Қызылорда» қонақ үйі, «Айзада Плаза» сауда орталығы, «Талғат» базарының заңсыз дүңгіршектері, Әйтеке би көшесінде орналасқан 3 қабатты сауда үйінің жобадан ауытқыған бөліктері бұзылды, — деді Мәди Әліп.
Құрылыс сапасына бақылау күшейтілгелі нысандардың беріктігі мен орнықтылығына тікелей әсер ететін заң талаптарын өрескел бұзған 4 техникалық қадағалау сарапшысына әкімшілік айыппұл салынды. Оған қоса аттестат қолданысы 6 айға тоқтатылды. Екі сарапшыға тиесілі аттестат күші жойылды.
Еске салсақ, биыл 10 айда Қызылорда облысындағы құрылыс жұмысына бөлінген қаржы көлемі 235 млрд теңгеге жетті.