Қызылордада сәуір айының ауа райы болжамы жарияланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Синоптиктер алдағы айда Қызылорда облысында ауа райы қалай болатынына болжам жасады.

«Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметінше, сәуірде орташа ауа температурасы әдеттегіден 1-2° жоғары болады. Сөйтіп, ол +13,2°С және +16,6°С-ге көтеріледі.
– Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз, облыстың солтүстік-батысында және оңтүстік-шығысында қалыпты болады деп болжаймыз. Жаңбыр екінші онкүндіктің басында, үшінші онкүндіктің басында және соңында жаууы мүмкін. Шаңды дауыл бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндіктің басына тура келеді. Найзағай екінші, үшінші онкүндіктердің басында күтіліп отыр, – деді филиалдың метеоболжау бөлімінің бастығы Әйгерім Жөкелова.
«Қазгидромет» мамандары өңірде бір ай ішінде секундына 15-20 метр екпінмен соғатын жел жиі болуы мүмкін екенін жеткізді.
Мамандардың болжамынша, бүгін еліміздің оңтүстік аймақтарында жауын-шашын болады.