Қызылордада сайлау учаскесін оңай табуға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық сайлаушылар 23 тамыз күнгі Құрылтай сайлауы кезінде өз учаскесін онлайн платформалар арқылы оңай таба алады. Ол үшін облыстың аумақтық сайлау комиссиясы жергілікті әкімдікпен бірге жаңа сервисті іске қосты.
Сервис «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» деп аталады. Онлайн платформа 3 бағытта жұмыс істейді. Алғашқысы – saylau.orda.gov.kz сайты. Мұнда сайлаушылар өзін табу жолағына ЖСН енгізе отырып, тіркелген жері бойынша дауыс беру учаскесін таба алады. Сайт автоматты түрде сайлау учаскесінің нөмірін, оның мекенжайын, байланыс телефонын және комиссия құрамын көрсетеді. Сайлаушылар өз учаскесіне бару сызбасын да біле алады.
- Одан бөлек платформада есептен шығару куәлігін алу тәртібі және сall-орталықтармен байланыс жасау жолдары көрсетілген. Сервисте 109 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығына сұрақтар қоюға және қоңыраулар географиясын көруге мүмкіндік бар. Сайлаушылар онлайн платформада жасанды интеллект көмегімен жасалған «Daryn AI» атты робот көмекшіні де қолдана алады. Ол сайлауға қатысты бірқатар сауалға жауап береді, - деді облыстың аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Абай Тағыберген.
Тұрғындар платформа қызметін Smart Qyzylorda мобильді қосымшасының көмегімен Telegram ботынан да пайдалана алады.
Айта кетейік, Қызылорда облысында 386 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Мұнда 2720 комиссия мүшесі қызмет атқармақ. Күнтізбелік жоспарға сәйкес өңірдегі барлық учаске 3 тамыздан бастап жұмысына кіріседі. Ал 7 тамыздан бастап азаматтар учаскеге келіп, есептен шығару куәлігін алуға құқылы.