Қызылордада шегіртке қауіп төндірген 70,5 мың гектардан астам жер өңделді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл Қызылорда облысында ерекше қауіпті шегіртке түрлеріне қарсы 70 682 гектар жер химиялық тәсілмен өңделді. Бұл туралы АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы мәлімдеді.

Оның ішінде италиялық прусқа қарсы 35 360 гектар, азиялық шегірткеге қарсы 35 322 гектар, саяқ шегірткеге қарсы 55 394 гектар жер залалсыздандырылды.
– Зиянкеске қарсы күрес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде анықталған «Авиакомпания «Дельта-Юг», «Бағжан», «Фитосанитария», «Аэро» сияқты мердігерлер ұшақпен, пилотсыз авиациямен, яғни дронмен, жер агрегатымен химиялық өңдеу жүргізді. Фитосанитариялық жұмысқа барлығы 23 техника жұмылдырылды, - деді инспекция басшысы Мұхтар Оразбаев.
Биыл сондай-ақ өңірде жатаған у кекіреге қарсы 97,5 гектар, қауын шыбынына қарсы 1750 гектар, калифорниялық қалқанша сымырына қарсы 34,5 гектар, арамсояу қауіп төндіруі мүмкін 427,87 гектар жерді өңдеу жоспарланып отыр.
АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин бұған дейін республика аумағында егістік алқаптарына, жайылымдар мен шабындықтарға шегірткеден зиян келмегенін мәлімдеді.