Қызылордада шегіртке басқан алқаптарға дәрі себіліп жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында бір рет бас көтерсе, жолындағыны жайпап жіберетін шегірткенің қауіпті түрлеріне қарсы күрес шаралары басталды. Оның ішінде ең қауіптісі ретінде екеуі, яғни италиялық прус пен азиялық шегіртке аталады.
ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының мәліметінше, биыл 65 180 гектар жерді химиялық өңдеу жоспарланған.
- Италиялық прусқа қарсы экономикалық зияндылық шегінен асқан 10 600 гектар жердің 8 793 гектары өңделді. Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында жұмыс аяқталса, Арал, Қазалы аудандарында жалғасып жатыр. Оған 4 арнайы жер агрегаты, 5 дрон, 2 ұшақ пен аэрозольды газгенератор тартылған. Азиялық шегірткеге қарсы 140 гектар аумақты өңдеуге жер агрегаттары қолданылады. Жалпы 880 гектар жерге зиянкестің тигізген зияны шегінен асып түскен, - делінген хабарламада.
Биыл өңірде 170 маман фитосанитарлық зерттеу жүргізеді.
Ал елімізде осы күні үйірлі шегіртке түрлеріне қарсы химиялық өңдеу 480 мың гектар аумақта жүргізілді.