Қызылордада сол жағалау мен қаланы байланыстыратын көпір салынады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында бюджет қаржысының ауқымды бөлігі халықтың сұранысы мен талабы жиі бағытталатын жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға арналған.
23 жоба аясында ұзындығы 71,1 шақырым 71 көше күрделі жөндеу мен қайта жаңғыртудан өтіп, 1 көпір салынып жатыр.
32 көшеде күрделі жөндеу жұмысы қарқын алды. Өткен жылы 8 көшедегі шаруа толық аяқталса, биыл қалған 24 көшедегі жұмысты жыл соңына дейін қорытындылаймыз. Маңызды нысандардың бірі – «Бәйтерек» шағын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы. Жобаның дайындығы жақсы деңгейде, қыркүйек айында пайдалануға береміз. Қыркүйек айында сондай-ақ Торайғыров көшесінен Қызылорда-Құмкөл автожолына дейінгі Сағымбаев көшесін қайта жаңғыртуды да аяқтаймыз. Бұл екі нысан Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін қақпаға айналады, - деді қала әкімі Нұржан Ахатов.
Қаладағы Назарбаев даңғылы мен Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз, Ш.Есенов көшелері де жаңа кейіпке енбек. Бұл көшелер плотинаға дейін кеңейіп, жол қозғалысына түсетін жүктеме азаяды. Одан бөлек кенттер мен ауылдық округтердегі 32 көше жөнделіп жатыр.
Жоспарымыздағы тағы бір ілкімді іс – сол жағалау мен қаланы байланыстыратын автожол көпірі. Иса Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін автожол өткелінің құны – 19,5 млрд теңге. Нысан құрылысын бастау үшін республикалық бюджетке өтінім берілді, - деді қала әкімі.
Жуырда Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Семей қаласындағы автогуж көпірін реконструкциялау жұмыстарының барысын тексерді.