Қызылордада той кортежінде жол ережесін бұзғандарға айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық полиция департаменті жедел басқару орталығының қызметкерлері түнгі уақытта жол ережесін өрескел бұзып, қала аумағында автокөлік кортежін ұйымдастырған жүргізушілерді анықтады. 

Қызылордада той кортежінде жол ережесін бұзғандарға айыппұл салынды
Фото: видеодан алынғын скрин

Оқиға түнде Қызылорда қаласының орталығында болған. 

— Бейнебақылау камералары арқылы бірнеше автокөліктің кортеж ұйымдастырып, жол қозғалысы ережелерін бұзып жүргені анықталған. Бұл туралы ақпарат дереу жақын маңдағы патрульдік полиция экипажына берілді. Оқиға орнына жеткен полицейлер көлік жүргізушілеріне тоқтау туралы заңды талап қойған. Алайда кейбірі талапқа бағынбаған. Осыған байланысты қосымша патрульдік полиция экипажы жұмылдырылып, кешенді іс-шара жүргізді. Нәтижесінде құқық бұзған жүргізушілердің барлығы тоқтатылды, — делінген хабарламада.

Оларға қатысты жол ережесін елемеу, маневр жасау талаптарын сақтамау, жол қозғалысына қатысушыларға авариялық жағдай туғызу, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару, сондай-ақ көлік құралына арнайы жарық сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату тәртібін бұзу фактілері тіркелді. Нәтижесінде 9 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңнамада көзделген тәртіппен айыппұл салынды. Бір автокөлік арнайы тұраққа қойылды. 

Сонымен қатар құқық бұзушыларға мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту жасалды.

Бұған дейін де облыс орталығында бірнеше жүргізушінің қала аумағында орынсыз кортеж ұйымдастырғаны анықталды.