Қызылордада заңға бағынбаған таксистер 1 млн 170 мың теңгеге жуық айыппұл төледі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының көліктік бақылау инспекциясы автомобиль көлігін бақылау саласындағы тексеру нәтижесімен таныстырды.

Такси
Фото: Freepik

Жылдың алғашқы жартысында 422 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 23,6 млн теңге айыппұл салынды. 

— Автомобиль көлігі саласының қызметін жүзеге асырушылар қызметін бақылау мақсатында 20 шаруашылық субъектісі тексерілді. Оның ішінде 1 рет жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 1 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелді. Облыста такси қызметімен айналысушылардың осы саладағы нормативтік-құқықтық акт талаптарын өрескел бұзуы тыйылмай тұр. Соған байланысты «Заңсыз тасымалдаушы» профилактикалық іс-шарасын тұрақты түрде өткіп тұрамыз. Кезекті акция барысында жолаушы тасымалдайтын 90-нан астам автокөлік тексерілді. Нәтижесінде 16 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 млн 170 мың теңгеге жуық айыппұл өндірді, — деді инспекция басшысының орынбасары Бақытжан Бекмұратов.

Мамандар Шиелі, Жаңақорған аудандарынан тас таситындарға қатысты тексеруді күшейтті. Нәтижесінде заңға бағынбағандарға қатысты 297 әкімшілік іс қозғалды. Оның 57-сі артық салмақпен жүк тасымалдаған. Алдағы уақытта Шымкент-Самара тас жолы бойындағы Қызылорда қаласына қарасты Бірқазан елді мекенінің маңына автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылмақ. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облысының Қазалы аудандық прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде мәдениет саласындағы мекемелерде еңбек заңнамасының бұзылғаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар