ҚПЛ: «Ордабасы» өз алаңында «Елімайдан» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан ел біріншілігінің ХVІІІ турының екінші ойын күнін «Ордабасы» (Шымкент) - «Елімай» (Семей) командалары түйіндеді.
Командалар биыл алдына жоғары мақсат қойып отыр. Қазір турнир кестесінде шымкенттік клуб көш басында келе жатса, семейлік команда үздік үштіктен көрінуден қол үзген жоқ. Сондықтан жанкүйерлер бұл кездесуді асыға күтті.
Ойынның 8-минутында «Ордабасы» сапынан Берн Йонсен есеп ашса, 12-минутта «Елімай» құрамынан Фессу Плакка таразы басын теңестірді. Одан кейін Ги-Марселин Килама 37-минутта қайтадан шымкенттік клубты алға шығарды.
Ойынның 60-минутында «Ордабасы» сапынан Эльхан Астанов пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Осылайша кездесу барысында шымкенттік клуб қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 43 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Олардың екінші орында 42 ұпаймен келе жатқан «Қайраттан» бір ойыны кем.
Ойындар нәтижесі
18 шілде
- «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Жетісу» (Талдықорған) 2:0
- «Қызылжар» (Петропавл) - «Тобыл» (Қостанай) 1:1
- «Жеңіс» (Астана) - «Ұлытау» (Жезқазған) 1:1
- «Қайсар» (Қызылорда) - «Каспий» (Ақтау) 1:1
- «Атырау» - «Қайрат» (Алматы) 1:3
19 шілде
- «Алтай» (Өскемен) - «Ақтөбе» 2:4
- «Ордабасы» (Шымкент) - «Елімай» (Семей) 3:1.
Бұл турдағы «Ертіс» (Павлодар) - «Астана» кездесуі белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.
Енді ХІХ тур ойындары 25 және 26 шілде күндеріне белгіленген.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан ел біріншілігінің ХVІІІ турында «Ақтөбе» сырт алаңда Өскеменнің «Алтайынан» басым түсті.