Қызылордада жаяу жүргіншіге жол бермеген көліктерді анықтайтын жүйе іске қосылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Сұңқар» аппараттық-бағдарламалық кешендерінің жаяу жүргіншілерді анықтау функциясы іске қосылды.
Облыстық полиция департаменті жүйе тесттік режимде жұмыс істей бастағанын мәлімдеді.
— Жүйе жаяу жүргіншіге арналған өткелдерде жүргізушілердің жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректерін автоматты түрде тіркейді. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілерге немесе жол қозғалысының өзге қатысушыларына жол бермеген көліктерді анықтайды. Жобаның басты мақсаты — жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу, — делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары осы орайда жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға, жаяу жүргінші өткелдерінде жолдан өтушілерге міндетті түрде басымдық беруге және өзара құрмет қағидатын ұстануға шақырады.
Еске салайық, биыл Алматы облысының республикалық жолдарында орташа жылдамдық жүйесі енгізілді.