Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылордада жол ережесін бұзған 90 мыңнан аса жүргізуші анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының жолдарында құқықбұзушылықты автоматты түрде анықтайтын 218 құрылғы штаттық режимде жұмыс атқарып тұр.

Қызылордада жол ережесін бұзған 90,5 мыңға жуық жүргізуші анықталды
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, осы құрылғылардың көмегімен биыл 7 айда 90,5 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды.

 — Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау және ұялы телефон қолдану деректерінің алдын алу мақсатында 25 «Sunqar» автоматтандырылған құрылғысы қала аумағындағы негізгі көшелер мен қиылыстарға қойылды. Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта орналасқан 6 стационарлық бақылау аркасына орташа жылдамдықты өлшеу құрылғылары іске қосылды. Автожол бойында өрескел құқықбұзушылықтарды анықтау, яғни жолдың қарсы бағытына шығу, маневр ережелерін бұзу және басқа да құқықбұзушылықтарды анықтау мақсатында 6 ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен жұмыс жүргізіліп келеді, — деді департаменттің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мұратбек Манатов.

Жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпаған 6 мыңнан астам, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған 3 мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал кеше Абай облысында «Қауіпсіз жол» шарасы барысында 89 жүргізуші белдік тақпағаны анықталды.