Қызылордадағы Айтбай мешітінде жерасты жолы болғаны рас па

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласындағы 150 жылдық тарихы бар Айтбай мешітіне қатысты қызық дерек көп. Соның бірі — құдық пен жерасты жолына қатысты екіұдай ақпарат. Бұл жайында жуырда жарыққа шыққан «Айтбай мешіті: аңыз бен ақиқат» атты кітапта қамтылған.

а
Фото: Айтбай мешіті Facebook парақшасынан

Онда жазылғандай, сәулетші Біртай Бижанов 1980 жылдары қалпына келтіру жұмысын жүргізген кезде де, мешіт кейін шеберхана болған кезде де құдықтың болмағанын, яғни табылмағанын айтады. Мешіттің ескі құжаттарында да ол туралы бір ауыз сөз жазылмаған.

Сәулетші Жандарбек Мәлібеков өз сөзінде 2001 жылы қайта жаңғырту жұмысы барысында бір бұрышынан құдық табылғанын, оның баяғыдан бар екенін, кейін су шығатын болғанын келтіреді.

а
Фото: Нұрсұлтан Мықтыбайдың жеке архивінен

— Айтбай мешітіндегі құдықты танымал еткен — «оның артында жерасты жолы бар екен» деген әңгіме. Бұл әңгіменің қайдан шыққаны, қалай тарағаны белгісіз. Бірақ қарапайым жұртты былай қойғанда, жергілікті тарихшы, өлкетанушы, журналистер де осыған иланады. Жергілікті басылым беттерінде осы сарындағы ақпараттардан көз тұнады. Бірақ, бір қызығы, ешкім осы уақытқа дейін құдыққа қатысты әңгіменің рас-өтірігін анықтауға тырыспаған. Біз құдықтың артында жерасты жолының бар-жоғын анықтап, ақиқатын тану және бұл әңгіменің нүктесін қою үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жүгіндік. Сүңгуірлік құрал-жабдықтарын асынған жедел құтқару жасағының қызметкерлері тексеру-барлау жұмысын жүргізді. Десек те, құдықтың ішінен ешқандай жерасты жолы табылмады. Оған өзіміз де куә болдық, — дейді кітап авторларының бірі, журналист Нұрсұлтан Мықтыбай.

Мамандар арнайы зертеу нәтижесінде тереңдігі 4,5 метр құдықты анықтаған. 

а
Фото: Нұрсұлтан Мықтыбайдың жеке архивінен

— Ені 1 метрге жетпейді. Түбінде 50 сантиметр су бар. Түсі мөлдір. Лайланбаған. Құдықтың ішінен немесе түбінен, жан-жағынан ешқандай жерасты жолы табылмады. Құдықтың өзі кірпішінен дөңгелене, бітеу өрілген. Ішіне тек бір адам сыяды, — деді жасақ басшысының орынбасары Мирамбек Доспенбетов. 

Құдықтың түбінен арнайы құтыға құйып алынған суды Ұлттық сараптама орталығы Қызылорда облысы бойынша филиалының өкілдері сараптамадан өткізген. 

а
Фото: Нұрсұлтан Мықтыбайдың жеке архивінен

— Зерттеу нәтижесінде бірқатар көрсеткіш бойынша ауытқу анықталды. Судың дәмі, түсі, кермектілігі, құрғақ қалдығы және сульфат мөлшері бекітілген санитарлық нормадан асып кеткен. Бұл су сапасының төмендігін білдіреді. Түстіліктің жоғары болуы судың құрамында органикалық немесе темір қосылыстары барын көрсетеді. Темір қосылысы құдық ішіне бірнеше жыл қатарынан тасталған тиын ақшалардың әсерінен түзілген болса керек. Кермектілік пен құрғақ қалдықтың көп болуы суда тұздың, әсіресе, кальций мен магнийдің артық екенін білдіреді. Сульфаттың нормадан асуы асқазан-ішек жолдарына кері әсер етеді. Мұндай суды ішу және тұрмыста тұтыну қауіпті болуы мүмкін. Әсіресе, балалар мен қарт адамдар үшін зияндылығы жоғары. Сондықтан оны пайдаланбас бұрын қосымша тазарту, сүзгіден өткізу қажет. Тіпті басқа су көзін пайдалану ұсынылады, — деді орталық филиалының зертхана меңгерушісі Айнұр Шойбекова. 

а
Фото: Айтбай мешіті Facebook парақшасынан

Кітап авторларын мешіт ішіндегі құдықтың қызметі не болғаны қызықтырған.

Бұл сұрақ бойынша мешіттің наиб имамы қызметін атқарған дін қызметкері Қайырбек Отызбаевтың жауабын алға тартады. 

— Басқа қалалармен салыстырғанда Қызылорданың ауа райы жазда өте ыстық екені белгілі. Ширек ғасырдан бері келе жатқан мешітте салқындатқыш құрал болмаған. Осы тұста құдықтың маңызы зор. Ол қанша ыстық болса да имандылық үйінің ішкі ауасын бір қалыпта ұстап тұрады. Оған қоса ауаны тазартады, — деді Қайырбек Отызбаев. 

а
Фото: Айтбай мешіті Facebook парақшасынан

Сәулетшілер де дін өкілінің сөзін қуаттайды. 

— Мешіт салынған жылдары қаланың кез келген жерінде құдық болмаған. Көбі дариядан тасып ішкен. Сондай кездері дарияға қайта-қайта бармас үшін арнайы салынса керек. Әсіресе, қыстың күндері имамдарға жеңіл болуы үшін әдейі ойластырылған болуы мүмкін. Себебі жерасты құдығында су қатпайды әрі бір температурада болады, — деді сәулетші Біртай Бижанов. 

а
Фото: Айтбай мешіті Facebook парақшасынан

Кітапта осындай дәлелді дәйектерді келтірген журналист Нұрсұлтан Мықтыбай ертеде адамдар құдықтағы су мөлшеріне қарап дария деңгейін бағдағанын атап өткен. 

— Мешітте еңбек еткен кейбір дін өкілдері құдықта бір кездері су толып тұрғанын айтады. Жерасты суы мөлдір әрі тұщы болған көрінеді. Оны ауызсу ретінде пайдаланып келіпті. Кейіннен құдыққа келетін су жолдары бекітіліп, оған келетін су көзі тоқтап қалған, — деді ол. 

а
Фото: Айтбай мешіті Facebook парақшасынан

Бұған дейін біз Жаркенттегі XIX ғасырдағы бірегей сәулет ескерткіші әрі өңірдегі адам өте жиі келетін орындардың бірі — орталық мешіт туралы жазғанбыз. 

а
Фото: Айтбай мешіті Facebook парақшасынан

 

Соңғы жаңалықтар