Қызылордадағы жаңа жылу орталығы электр энергиясын өндіре бастады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы салынып жатқаны белгілі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жаңа нысанның қуаты 240 мегаватт электр энергиясын, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіруге жетеді.
— Құны 215 млрд теңге жылу электр орталығының құрылысын толығымен инвестор, «Aksa Energy» түрік компаниясы мойнына алған. Қазіргі кезде қуаты 176 мегават 2 газ турбиналық қондырғы, 95 мегават бу турбинасы, сағатына 120 тонна 2 бу қазандығы мен
150 гигакалория 4 жылу қазандығы түгел жеткізілді. Толығымен орнатылды. Инвестор жылу орталығын тесттік режимде іске қосты. Осылайша 88 мегаватт электр энергиясын өндірді, — деді басқарма басшысы Медет Усаин.
Жыл соңына дейін қосымша 88 мегаватт электр энергиясы өндіріліп, жалпы қуат
176 мегаваттқа жетеді деп күтіліп отыр. Келесі жылы бу турбинасы іске қосылып, қосымша
95 мегаватт электр энергиясын шығармақ.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Екібастұз ЖЭО-да жылу маусымы алдындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жеті қазандық бүтінделді.