Қызылордалық кәсіпкерлер 252,2 млн теңге грант қаржысын оңды-солды шашқан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 2023-2025 жылдары Қызылорда облысында субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырған 5111 мекеме мен ұйымдарға мониторинг жүргізілді.

мемлекеттік грант беру
Фото: freepik.com

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, мониторинг барысында 466 жұмыс берушімен жасалған келісім-шарттар мерзімінен бұрын тоқтатылды.

— 36 мекемеге жолданған 56 адам жұмыста болмаса да жұмыс берушілер жалған табель тапсырған. Олар сөйтіп 20,2 млн теңге жалақы алған. Тексеру нәтижесінде 43 адам 12,4 млн теңгені бюджетке кері қайтарды. 12 адамның ісі сот орындаушылар өндірісінде, 1 адамнан бюджет қаржысын сот тәртібімен кері қайтаруға талап-арыз берілді. Осылайша 686 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына тосқауыл қойдық, — деді басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев.

Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Былтыр 372 адам субсидияланған жұмыс орындарынан босатылып, 264,7 млн теңге бюджетте қалды. Мемлекеттік грант қаражатының орнымен жұмсалуы да назарда. Бақылау жұмысының арқасында 188 кәсіпкердің 252,2 млн теңге бюджет қаражатын оңды-солды шашқаны анықталды. Олар порталда жалған шот фактуралар, жүк құжаттарын, фискалды чектер мен түбіртектер ұсынған. Бірақ бизнес жоспар бойынша сатып алынуы тиіс құрал- жабдықтарды сатып алмаған.

— 34 адам ақшаны өз еркімен қайтарды, 154 адамның іс құжаттары сот қарауына жолданды. 139 адамнан 209,9 млн теңге грант қаражатын бюджет пайдасына өндіру туралы сот шешімдері шықты. 15 адамға қатысты сот процестері жалғасып жатыр, — деді басқарма басшысы.

Еске салайық, өткен жылы Қызылорда облысының мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру нәтижесінде 348 заңбұзушылықты анықтады.

Соңғы жаңалықтар