Қызылордалық оқушылар төтенше жағдайды дәл уақытында хабарлайтын платформа ойлап тапты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Данияр Ақдәулетов, Әлтайыр Төлеген және Романқұл Әлішер қала тұрғындарына төтенше оқиға туралы хабарлап, ақпаратты саралайтын веб-платформа ойлап тапты.

Қызылордалық оқушылар төтенше жағдайды дәл уақытында хабарлайтын платформа ойлап тапты
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебі

Олар жоба барысында миллиардтаған материалдық шығын әкелетін табиғи және антропогендік факторлардың қаупін ескерген.

Назарбаев зияткерлік мектебі
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебі

— Қаржылай шығыннан бөлек бұл мәселе қала тұрғындарының өміріне үлкен қауіп төндіреді. 2024 жылы Қазақстанда 11 500-ден астам өрт, табиғи және техногенді сипаттағы 5500-ден астам төтенше жағдай тіркелген. Тек өрттен келген материалдық шығын 24 млрд теңгеден асты. Төтенше жағдайлар министрлігінен келетін SMS-хабарламалар байланыс операторларына түсетін салмаққа байланысты көбіне кешігіп жетеді. Жер сілкінісі немесе су тасқыны сияқты жағдайларда әрбір минут санаулы. Мұндайда тексерілмеген ақпарат жиі тарайды. Ал оны саралауға уақыт тапшы. Ірі мегаполис тұрғындарына қаланың екінші шетіндегі апат жайлы емес, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты өзі тұрған көшелер аумағында не болып жатқанын білу маңыздырақ, — деді Данияр Ақдәулетов.

Оқушылар жоба Алматы, Астана және Шымкент сияқты мегаполистерде жедел қызмет өкілдерінің оқиға орнына дер уақытында жетуіне, адам өмірін сақтап қалуға көмектесетінін айтып отыр. Ол, әсіресе, бораннан көз ашпайтын, құрғақшылыққа бейім өңірлер үшін аса қажет. 

Назарбаев зияткерлік мектебі
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебі

— Жүйе бейнебақылау камераларынан түсетін бейнедеректер ағынын немесе пайдаланушылар жүктеген медиафайлдарды қабылдайды. Өрт пен жол-көлік оқиғаларын автоматты түрде анықтау үшін YOLOv8 машиналық оқыту моделі қолданылады. Жүйеге енгізілген ақпарат жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар көмегімен өңделеді. Онлайн серверлерге жазылып, оқиғалар картасында белгіленеді. Оқиғаның деңгейіне сәйкес сол аймақтағы қала тұрғындарының ұялы телефонына сол сәтте хабарлама жіберіледі, — деді жоба авторлары.

Платформа жасанды интеллект және геоақпараттық жүйелердің мүмкіндігін біріктіреді. 
Бұрын хабарлағанымыздай, Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Айзере Жақыпбек су тапшылығы күрделенген уақытта егіс алқабындағы ирригациялық жүйені жетілдірудің жолын тапты.