Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылорданың дәмді қауын сорттары жойылудың сәл-ақ алдында тұр — ғалым

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында халықтық селекция нәтижесінде пайда болған бірнеше қауын сорты жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр. Ғалымдар бұл мәселені ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқанымен, еш өзгеріс жоғын айтып, дабыл қақты.

Қызылорданың дәмді қауын сорттары жойылудың алдында тұр — ғалым
Фото: Pixabay

Қауын — айқас тозаңданатын дақыл. Халықтық селекция — диқандардың ғасырлар бойы ең жақсы қауын дәндерін іріктеп, өсіруі нәтижесінде пайда болған тәсіл.

Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институты Қызылорда филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Самалбек Қосановтың сөзінше, бұл жолмен әміре, қара күләбі, қалайсан сияқты тәтті әрі құнды сорттар пайда болған. Олар қанша жерден өзгеріске ұшыраса да, генетикалық қасиетін сақтап қалған.

— Қауынның ғылымның араласуынсыз, табиғи жолмен будандасу арқылы шыққан жаңа түрлерін кездестіруге болады. Оған халық өзі «гибрид», «лимонка», «бакинка», «көктырна» деп ат қойып алған. Бұл елімізде тұқым селекциясының ақсап тұрғанын көрсетеді. Пайдалы тұсы — ғалымдар үшін жаңа материал. Дегенмен, тұқым шаруашылығын жолға қоймай қауынымыздың дәмділігі қияр мен бананның дәмінен әрі аспауы мүмкін. Біздің осал тұсымызды Қытай, Нидерланд сияқты шет мемлекеттер ұтымды пайдаланып отыр. Біз олардың тұқымына тәуелдіміз, — дейді Самалбек Қосанов.

Қызылорданың дәмді қауын сорттары жойылудың алдында тұр — ғалым
Фото: Самалбек Қосановтың жеке архивінен

Орталық Азияда қауын өсіретін үштік бар. Олар — Өзбекстанның Хорезм облысы, Түркіменстанның бұрынғы Шаржау қаласы (қазіргі Түрікменабат — авт.), Қазақстандағы Қызылорда облысы.

Ғалымның айтуына қарағанда, алғашқы екеуінде қауын сорттарының дәмін сақтау бағытында селекциялық жұмыс, тұқым шаруашылығы, жеке шаруалардың өзара байланысы және диқан әулеттерінде ұрпақтар сабақтастығы жақсы жолға қойылған.

— Өкінішке қарай, елімізде тұқым шаруашылығымен айналысатын бірде-бір мекеме жоқ. Алматыдағы картоп және көкөніс институтында бақша дақылдарының селекциясы және тұқым шаруашылығы жөніндегі бөлім бар, бірақ оның жағдайы мәз емес. Қазақстанда бақша шаруашылығы, оның ішінде қауын селекциясы мен тұқым шаруашылығының орталығы Қызылорда болуы керек. Жергілікті сорттарды қалпына келтіру үшін міндетті түрде бірінші реттік тұқым шаруашылығын ұйымдастыру қажет. Климаттың өзгеруіне байланысты бүгінде түрлі ауру пайда болды. Бұл диқандардың жұмысына кедергі келтіреді. Тағы бір қапаланатын жайт — қауын-қарбыз егу отбасылық кәсіптен әрі аспай тұр. Техниканы жаңартып, жер көлемін ұлғайтып, оны ұжымдық бизнес ретінде дамытуға ден қоятындар аз. Бақша дақылдарын өсіретін диқандар бірқатар мәселемен жалғыз арпалысып отыр. Мемлекеттен қолдау жоқ. Тұқым, тыңайтқыш бойынша ешкім көмектеспейді. Ең өзекті проблема — өнімді сату. Алыпсатарлардың табысы диқандардың пайдасынан 1,5-2 есе асып түседі, — дейді ғалым. 

Еске салайық, бұған дейін Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жаз басталғалы бері қарбыз бен қауыннан улану дерегі тіркелмегенін мәлімдеген еді.