КҚК азаматтық нысандарына шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Тергеу комитеті Каспий құбыр консорциумының азаматтық нысандарына жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл жайында консорциумның ресми сайтында жарияланған ақпаратта айтылған.

- Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Бас тергеу басқармасы 2025 жылдың 17 ақпанында РФ Қылмыстық кодексі 205-бабы 2-тармағы “а”, “в” тармақшаларында көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығарды. Іс Украина ҚМ Бас барлау басқармасының, Украина Қарулы күштерінің және Украинаның өздерінің бақылауындағы аумағында жүрген өзге де әскери құрылымдардың әскери қызметшілеріне қарсы қозғалды. Олар қылмыстық бұйрықты орындап, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану арқылы азаматтық инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасады, - делінген компания таратқан ақпаратта.
Кеше Каспий құбыр консорциумының «Кропоткинская» мұнай айдау стансасына ұшқышсыз ұшатын аппаратпен шабуыл жасалды.
Осыдан кейін еліміздің Энергетика министрлігі Қазақстан мұнайы үшін КҚК тарапынан еш шектеу жоқтығын, мұнайды қабылдау штаттық режимде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеген еді.
Алайда, ресейлік «Транснефть» компаниясының ресми сайтында бүгін жарияланған ақпаратта Қазақстан тарапынан мұнай айдау көлемінің қысқаруы мүмкін екендігі айтылады.