Клиенттің қымбат көлігіне қызыққан ақтөбелік темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты
Бүгін сот үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы көлікке техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін Бауыржан Досмағамбетов өзіне сеніп тапсырған мүлікті сатып жіберді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ол қымбат көліктің майысқан есігін түзетіп, бояту үшін 30 мың теңге сұрады. Кейін боятамын деп көлікті өзге техникалық қызмет көрсету орталығына айдап барып, Атырау облысына кетіп қалады. Сот отырысы кезінде айыпталушы Бауыржан Досмағамбетов қымбат көлікке қызыққанын, оны 750 мың теңгеге еш құжатсыз сатып жібергенін, Атырау қаласында ұсталғанын баяндап берді .
«Бауыржан Досмағамбетов Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу бекітілсін»,- деді судья Ербол Әбдіхалықов. Жәбірленуші Қарамергеноваға «Тойота Камри» автокөлігі қайтарылды.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.