ҚМДБ «Ислам энциклопедиясы» кітабының алғашқы томын жарыққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ислам энциклопедиясы» кітабының алғашқы томын жарыққа шығарды. Елімізге белгілі 50-ге жуық ғалымнан құралған жұмыс тобының көмегімен ғылыми негіздемесі бар «Ислам энциклопедиясы» жасақталды.
Еңбекте Ислам құндылықтарын ықшамдап жазуға назар аударылды және Ислам тарихы мен өркениеті, мәдениеті мен әдебиеті, сонымен қатар күллі мұсылман халқына ортақ ұғымдар мен атаулар қамтылды.
Ұлы Дала төсіндегі Ислам тарихынан бастап (Қарахан мемлекеті, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Алашорда үкіметі, Кеңес заманындағы және Тәуелсіз Қазақстан), қазақ топырағынан шыққан тарихи тұлғалар, дін қайраткерлері, қасиетті жерлер мен киелі мекендер туралы мағлұматтар да енгізілген. Қазақтың діни-ағартушылық саласында өз ізін қалдырған ахундар, ишандар, қазилар, мүфтилер, имамдар туралы деректер жазылған.
«Мемлекет басшысы «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет», - деген болатын. Оқырманға жол тартқан «Ислам энциклопедиясы» кітабы – дәстүрлі дініміздің ғылыми-теориялық негізін дамытуға бағытталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ауқымды жобасының бірі болмақ. Әрине бұған дейін елімізде Ислам діні жайлы түрлі энциклопедиялар жарық көрді. Діни басқарма дайындаған «Ислам энциклопедиясының» ерекшелігі – Ислам дініне арналған еліміздегі алғашқы көптомдық энциклопедия болғалы тұр», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кітап тұсаукесерінде.
ҚМДБ төрағасының айтуынша, «Ислам энциклопедиясы» еңбегінің 5 томын шығару көзделген.
Айта кетейік, «Ислам энциклопедиясы» діни сала қызметкерлері мен ізденуші шәкірттер, ғалымдар және жалпы оқырман қауымға арналған.