Қоғамдық кеңістікте қазақ тілін аудармасыз қолдануға көшу керек — Назгүл Қожабек
АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамдық кеңістіктегі жазулар мен нұсқағыштарда қазақ тілін аудармасыз қолдану аясын кеңейту қажет. Мұндай пікірді BIZDIÑ ORTA подкастында тіл жанашыры, редактор әрі медиа маманы, «Калькасыз қазақ тілі» Telegram арнасының авторы Назгүл Қожабек айтты.
Оның пікірінше, қоғам күнделікті өмірде бір тілді неғұрлым жиі қолданған сайын, сол тіл ортақ әрі түсінікті тілге айналады. Сондықтан қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі қолданысын біртіндеп арттыру маңызды.
— Қоғамға бір тіл ыңғайлы. Енді біз қоғамға ең ыңғайлы бір тілді қазақ тілі ғана ету жолына түсуіміз керек. Екі тілдегі көрсеткіштер, екі тілдегі нұсқағыштар деген сияқты нәрселер бар. Өткенде Алматы қаласында жол көрсеткіштерін өзгерту басталыпты. Мысалы, бұрын «Назарбаев даңғылы, проспект Назарбаева» деп тұратын болса, қазір тек «Назарбаев даңғылы» деп жазылады. Біртіндеп көшедегі нұсқағыштарды ауыстырып жатыр. Астанада мұндай о бастан болған жоқ. Мұнда қазақша және ағылшынша. Мен осыған риза болатынмын, — деді Назгүл Қожабек.
Ол қоғамдық орындардағы көпшілікке түсінікті қарапайым сөздерді екі тілде қатар жазудың қажеттілігі жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, қазақша атаулар күнделікті ортада жиі кездескен сайын басқа тілде сөйлейтін тұрғындар да олардың мағынасын үйренеді.
— Егер «шығу» және «выход» дегеннің «шығуы» ғана тұрса, бәрі түсінеді. Ертелі-кеш түсініп, жаттап алады. Мысалы, «Гүлдер — цветы» деп жазбай, тек «гүлдер» деп жазса, адамдар ұқпай қала ма? Бұл жерде бизнес не жауапты мекеме басшыларының батылдығы керек. Мысалы, «мен қала тұрғындарының біліміне сенем, сол үшін тек „гүл“ деп жазам, жұрттың бәрі түсінеді» дегендей сенім мен батылдық керек, — деді ол.
Назгүл Қожабек маңдайшадағы атауларды екі тілде беру кезінде қазақ және орыс тілдерінің сөз тәртібі бір-біріне сәйкес келе бермейтініне де назар аударды.
— Заң талабы бойынша алдымен қазақша, содан кейін орысша нұсқасы тұруы керек. Бірақ кей жағдайда бұл екі тілдің де грамматикасына қайшы келеді. Мысалы, «Әсем дүкені» деген атауды алсақ, қазақша нұсқасын бірінші қою үшін «Дүкені Әсем, Әсем магазин» деп жазуға тура келеді. Бұл — екі тілдің де грамматикасына қайшы. Мұндайды болдырмаудың жалғыз жолы — «магазин» деген сөзді алып тастау. Сонда «Әсем дүкені» қалады. «Дүкен» деген сөзді ұқпайтын отандасым жоқ деп сенем, — деді медиа маманы.
Оның айтуынша, қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі үлесін арттыру үшін жауапты тұлғалардың ұстанымы да маңызды.
— Мұның бәрі сол жауапты тұлғалардың азаматтық позициясына, адалдығына байланысты мәселе. Осындай ұстанымдағы адамдар көбірек болса, ақырын-ақырын қоғамдық кеңістіктің бәрінде ыңғайлы тілді қазақ тілі етіп жіберуге болады, — деді Назгүл Қожабек.