Қоғамдық палата өңірлерде көшпелі отырыстар өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай жанындағы Қоғамдық палата жергілікті қоғамдастықтардың, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестердің бастамасымен өңірлерде көшпелі отырыстар өткізе алады. Бұл туралы Құрылтай отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында депутат Айдос Сарым айтты.
— Бізде көшпелі отырыстар болған. Мәселен, Алматыдағы пәтер иелері коперативтеріне қатысты мәселеде аулаға жиналып, оны алғаш рет сол жерде қарастырдық. Кейін арнайы алаңға барып, мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Теориялық тұрғыдан алғанда, жергілікті қоғамдастықтар, мәслихаттағы әріптестеріміз немесе қоғамдық кеңестер осындай мәселені көтеріп, бастама жасай алады, — деді Айдос Сарым Kazinform тілшісінің сауалына орай.
Ол мұндай іс-шараларды өткізу ұйымдастырушылық мүмкіндіктерге байланысты болатынын атап өтті. Сондай-ақ Қоғамдық палатаның жұмыс кестесімен Құрылтайдың сайтынан танысуға болатынын айтты. Ол үшін арнайы жеке парақша ашылып, онда іс-шаралар жоспары, отырыстардың стенограммалары, материалдар мен сарапшылардың ұсыныстары жарияланады.
— Мысалы, наурыз айында белгілі бір заң жобасын талқылау немесе Ақмола облысында көшпелі отырыс өтетінін білуге болады. Сонымен қатар баспасөз қызметіміз белсенді жұмыс істейді. Сіздер күн сайын ақпараттық хабарламалар алып отырасыздар. Сайтқа кіріп, іс-шаралардың күндері мен тақырыптарын біле аласыздар. Біз апта сайын іс-шаралар кестесін жариялап отырамыз, — деді Айдос Сарым.
Бұған дейін Айдос Сарым Қоғамдық палата мен Халық Кеңесінің міндеттері бір-бірін қайталамайтынын айтқан еді.