Қоғамның жемқорлыққа төзімсіздік менталитеті қалыптаспайынша, оны жеңу мүмкін емес - ЕҚЫҰ Орталығының жетекшісі

«Төркінінде дүниеқорлық жатқан жемқорлық дерті қоғамда бүгін пайда болған құбылыс емес. Ежелгі грек философы Платон дүниеқоңыздық пен пайдакүнемдікті әлеуметтік кеселдің бірі ретінде атаған болатын. Бұл кеселден арылмау қоғамды құртуға әкеп соғады», - дейді Н. Зарудная. Оның сөзіне қарағанда, Платон заманынан бері жекелеген азаматтар ғана емес тұтастай мемлекет зардап шегетін мұндай әлеуметтік кемістікпен күресте адамзат әжептәуір тәжірибе жинады. Соның ішінде ЕҚЫҰ өкілі жемқорлықпен күресте негізгі төрт бағытқа тоқталды.
«Біріншіден, түрлі рұқсат беруге қатысты кедергілерді жою жолымен мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің орын алу мүмкіндіктерін тарылту. Екіншіден, жемқорлыққа барғаны үшін жазалау шараларын әзірлеу. Үшіншіден, биліктің барлық тармағы қызметінің транспаренттілігі. Қоғамның осыны тиімді бақылауы жүзеге асса, онда сыбайлас жемқорлыққа жол беретін жағдайлар да төмендейді. Бұл ретте бюджеттің ашықтығы мен қоғамның ақпаратқа деген қолжетімділігі маңызды рөл атқарады. Төртіншіден, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздіктің болуы. Бұндай әлеуметтік кеселмен күресте белсенділерді ынталандырып отырған маңызды», - дейді Н. Зарудная. Оның сөзіне қарағанда, балалар мен жасөспірімдерді мектеп қабырғасынан бастап сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жол бермеуге үйрету, оған төзімсіздікпен қарауға үндеудің берері зор. «Халықаралық тәжірибе көрсеткеніндей, қоғамның жемқорлыққа төзімсіздік менталитеті қалыптаспайынша, жемқорлықты жеңу мүмкін емес», - дейді ЕҚЫҰ өкілі.