«Көкарал» бөгетін қалпына келтіруге арналған 13 мың тонна шойтас жеткізілмеген

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылу фактілері бойынша 7 қадағалау актісі енгізілді. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Көкарал» бөгетін қалпына келтіруге арналған  13 мың тонна шойтас жеткізілмеген
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

— Барлығы 44 адам, оның ішінде 22 басшы әкімшілік жауаптылыққа, 2 лауазымды адам тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылды. Құны 16,7 млрд теңге болатын 9 мемлекеттік сатып алу конкурсының күші жойылды. Негізсіз шығынға жол бермеу бағытында құны 3,4 млрд теңге бюджет қаржысы үнемделді.
— «Қазсушар» кәсіпорнының Қызылорда филиалы қызметінде тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде «Көкарал» бөгетін қалпына келтіру және сақтау жобасы үшін сатып алынған шойтастың 13 мың тоннасы жеткізілмегені анықталды. Оның құны 188 млн теңге болды. Филиалдың лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, істі арнайы прокурорлар тергеп-тексерді, — делінген хабарламада.

Қазіргі кезде аталған ведомство қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

Облыстық прокуратура бұған дейін пробация есебіндегі 80 адамға электронды бақылау құралдары қолданылып, 8-і жаза өтеу талаптарын бұзуына байланысты түзеу мекемелеріне қайта оралғанын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар