Қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің анасы кінәсін мойындады
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылған оқиғаға қатысты әйел анықталып, полицияға жеткізілді. Ол кінәсін мойындады. Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа туған нәресте Қордай ауданындағы Гвардия гарнизоны аумағындағы қоқыс жәшігінен табылған. Қазіргі уақытта сәби медициналық мекемеде. Оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Полиция жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
— Сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды, — деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылғаны хабарланған болатын.