Көкке көз тіккен күн: Байсеркеде авиация мерекесі дүркіреп өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысының Іле ауданындағы Байсерке ауылында «Байсерке аспаны – 2026» авиациялық мерекесі өтіп жатыр. Ашық аспан астындағы ауқымды шара авиация әуесқойлары мен сала мамандарын ғана емес, өңір тұрғындары мен қонақтарын да бір алаңға жинады.
Мереке аясында өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстандағы шағын авиацияны дамыту, жастарды техникалық мамандықтарға баулу, авиациялық мәдениетті қалыптастыру және Алматы облысының туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынға «СП „Бәйтерек“ АҚ басқарма төрағасы, Қазақстанның Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов, „Отан“ аэроклубы қоғамдық бірлестігінің басшысы Юрий Ельцов, „Тянь-Шань“ авиациялық ұшу орталығының бас директоры Владимир Анцупов және Қазақстандық шағын авиация қауымдастығының президенті Өмірбек Кеңесбаев қатысты.
Сала мамандары авиацияны тек кәсіби бағыт ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай шаралар жастардың техника мен инженерияға қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын таңдауға жол ашады.
— Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерді авиация әлемімен ерте таныстырудың маңызы айтылды. Әуе техникасын өз көзімен көру, ұшқыштар мен инженерлермен тілдесу, әуе кемелерінің жұмысымен танысу — жас буынның кәсіби бағдарын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды тәжірибе, — деп хабарлады Алматы облысының әкімдігі.
Баспасөз мәжілісінен кейін мерекенің негізгі бағдарламасы басталды. Байсерке аспанында әуе кемелері қалықтап, жерде түрлі авиациялық техника көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер ұшақтарды жақыннан көріп, мамандардан олардың ерекшеліктері мен авиациялық мамандықтар туралы ақпарат алды.
Шараға балалардың қызығушылығы ерекше болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекенің басты міндеттерінің бірі — жасөспірімдердің аспан әлеміне деген қызығушылығын нақты білімге және болашақ кәсіби бағдарға ұластыру.
Сонымен қатар «Байсерке аспаны — 2026» шағын авиацияны дамытуға және авиациялық мәдениетті қалыптастыруға арналған алаң ретінде де маңызды. Мамандардың пікірінше, бұл бағытты дамыту үшін инфрақұрылыммен қатар, қоғамға авиацияның мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат беру және көпшілікке арналған іс-шараларды тұрақты өткізу қажет.
— Авиациялық мереке Алматы облысының туристік әлеуетін танытуға да бағытталған. Өңірдің табиғи ерекшеліктері мен кеңістігі авиациялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Байсеркедегі шара әуе техникасының көрсетілімі ғана емес, өңірді жаңа қырынан танытатын туристік алаңға да айналып отыр. «Байсерке аспаны — 2026» мерекесінде авиацияның кәсіби қыры, техниканың әсерлі көрсетілімі және танымдық бағдарламалар тоғысты. Келушілер үшін бұл — әуе әлемін жақыннан тануға мүмкіндік болса, жастар үшін болашақ мамандығын таңдауға ықпал ететін маңызды тәжірибе. Бүгін Байсерке аспанына қызыға көз тіккен балалардың арасынан ертең елдің жаңа ұшқыштары, авиация инженерлері мен техник мамандары шығуы әбден мүмкін, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев авиация саласына жыл сайын 500 маман қажет екенін айтқан еді.