Көкнәр тұқымын азық-түлік ретінде сатқан: Павлодарда есірткі бизнесі әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM - Павлодар қаласында есірткі құралдарының заңсыз айналымы және қылмыстық кірістерді заңдастыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі.

ҚМА
Фото: ҚМА

Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеп-тексеруді ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізді. З.Ф. Алекперовтің есірткі заттары қосылған көкнәр тұқымдарын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, заңсыз өткізуді ұйымдастырғаны анықталды.

Қылмыстық схемаға күдіктінің жақын туыстары да қатысқан. Олардың арасында жеткізу, сақтау, буып-түю және өткізу міндеттері бөлінген. Өнімдер басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп отырған. Сату көкнәр тұқымы мен дәмдеуіштер ретінде жүзеге асырылған.

Тінту барысында есірткі заттары араластырылған көкнәр тұқымдарының буып-түйілген партиялары тәркіленді.

Қаражат қолма-қол ақша түрінде де, банк аударымдары арқылы да қабылданған.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.

Сот үкімімен Алекперов пен оның екі сыбайласына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Осыған дейін Ақмола облысында көкнәр тұқымын сатқаны үшін 2 тұлға он жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жаздық.