«Көксарай» су реттегішіне көп су жинау қауіпті
ТҮРКІСТАН.KAZINFORM - Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.

Министр Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге өңірдегі «Көксарай» су реттегішін аралап, қарап шықты. Сонымен бірге тікұшақ арқылы әуеден бақылап, шолу жасады.

«Көксарай» су реттегіші пайдалануға 2011 жылы берілген. Негізгі мақсаты – су тасқынының алдын алу. Мұнда құлақтандыру қондырғысы орнатылмаған. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлықсыз. Бөгетке көпфакторлы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын алғанша көп көлемді су жинау өте қауіпті. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен жобалық-сметалық құжаты мен күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген.

Шыңғыс Әрінов көпфакторлы зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін, сонымен қатар дабыл қағу қондырғысын орнатып, су қоймада су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шарасын сақтау қажеттігін айтты.
«Көктемгі су тасқынына дайындық сапалы болуы тиіс. Біздің міндетіміз – адамдарды қорғау, төтенше жағдайдың алдын алу. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жағдайдың өзгеруі туралы жедел хабардар ету қажет. Елді мекендерде су ағатын арықтарды тазалау бойынша уақытылы шаралар қабылдау керек», - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі.
Облыста су тасқыны қаупі бар 1 елді мекен айқындалған, онда 665 үй мен 1620 адам бар. Қазіргі таңда ТЖД мамандары тәулік бойы су қоймаларды бақылауда ұстап келеді. Жергілікті атқарушы органдар Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстарды алдын ала жүргізіп жатыр.