Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Көкшетауда тыйым салынған жерге шомылған ер адам суға батып кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетауда тыйым салынған жерде суға түскен 38 жастағы ер адам көз жұмды. Бұл – шомылу маусымы басталғалы Ақмола облысындағы су айдындарында тіркелген 15-оқиға, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Көкшетауда тыйым салынған жерге шомылған ер адам суға батып кетті
Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Көкшетау қаласындағы Қопа көлінде 1988 жылы туған ер адам суға батып кеткен.

– Қайғылы оқиға шомылуға тыйым салынған Қопа көлінде болды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам суға түсер кезде алкогольдік масаң күйде болған, – деді облыстық ТЖД-ның ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Куәгерлердің айтуынша, суға түскен қыз бен ер адам бір мезетте бата бастаған. Жақын маңда болған адамдар қызды құтқарып қалғанымен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмаған.

Ақмола облысының құтқарушылары тұрғындарға шомылуға тыйым салынған орындарда және алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсудің өмірге қауіпті екенін тағы бір мәрте ескертті.

Еске сала кетсек, суға түсу маусымы басталғалы Қазақстанда 68 адам суға батып қаза тапты.