Көкшетаудағы «Видергебурт» неміс ұлттық орталығының елдік істері көңіл қуантады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы «Видергебурт» неміс ұлттық орталығы елдік істерімен танылып жүр. Бұл жөнінде «ҚазАқпарат» ХАА өңірдегі тілшісіне аталған орталық жетекшісі Светлана Корнеевамен кездесуінде мәлім болды.
Қазақстан әлемге көпұлтты ел ретінде танымал. Жүзден астам ұлт өкілдерінің ынтымағын жарастырған жақсы үрдіс бізді бейбіт сүйгіш ел ретінде танытып келеді. Ал, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде құрылған ұлттық-мәдени орталықтар ұлтаралық келісімді нығайтуға зор септігін тигізуде. Бүгін біздің әңгімеміздің арқауына айналып отырған облыс орталығындағы «Видергебурт» неміс ұлттық орталығының елдік істері жайлы болып отыр.
«Видергебурт» неміс ұлттық орталығының мүшелері ұлттық құндылықтарын сақтап, сонымен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде зор үлестерін қосуда. Аталған орталықтың жетекшісі Светлана Корнееваның айтуынша, ұйымда жүргізілетін тіл оқыту сабақтарында неміс тілімен қатар, мемлекеттік тілге де баса мән беріледі.
"Жыл басынан бері іс-шаралар легі толастаған емес. Солардың көбі тіл үйрету мәселесіне байланысты болды. Біздің қоғамымызда неміс, сондай-ақ қазақ тілдерінен ақысыз сабақтар өткізіледі. Бірнеше жыл қатарынан біз мемлекеттік тапсырыс бойынша балаларға ана тілдерін үйретумен айналыссақ, әлеуметтік жағдайы төмен және денсаулығы шектеулі балаларды ұстаздар үйлеріне барып оқытады. Сонымен қатар неміс мәдениетінің фестивалі өткізіліп, сондай-ақ, еңбек ардагерлері және қуғын-сүргіннен жапа шеккен адамдармен кездесулерді қамтитын «Ұрпақтар байланысы» атты жобаны қолға алып отырмыз. Біздің қоғам елдің тыныштығы, халықтардың достығы үшін бәріне де дайын. Өйткені, қазіргі қоғамда бейбіт өмірден артық қандай құндылықтар бар дейсің", дейді орталық жетекшісі.
Еске сала кетсек, осыдан он үш жыл бұрын, яғни, 2001 жылы құрылған «Видергебурт» неміс ұлттық орталығында жүргізілетін тіл үйрену сабақтарына жиырмадан астам ересектер, оннан аса балалар топтары қатысады. Осы ретте, неміс халқының мәдениеті мен ұлттық мерекелерін сақтап қалуды мақсат еткен халықаралық қоғам тарапынан қаржыландырылатын «Кездесулердің орталық желісі» жобасының облыс көлемінде атқарып жатқан рөлі орасан зор деуге болады. Облыс орталығында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы және «Достық» үйінің қолдауымен құрылған «Виталинка» балалар вокалдық студиясы мен жастар ән-би ансамблі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, неміс ұлттық орталығының жанында Ольга Губарева басшылық ететін «Зодиак» клубы да ашылып, онда балалар түрлі іс-шараларға қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдауға толық мүмкіндік алған. Орталық филиалдары Степногор, Щучье қалалары мен Балкашино селосында ашылып, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді. Осыдан-ақ, «Видергебурт» неміс ұлттық орталығының елімізде бейбітшілік пен достық, ұлтаралық келісім болуы үшін облыстың қоғамдық- саяси өміріне белсенді араласып келе жатқанын көруге болады. Аслан Оспанов.